Радиожиілік спектрін және жерсеріктік орбиталарды пайдалануды реттеу жөніндегі Байланыс саласындағы аймақтық достастық комиссиясының жиырма төртінші отырысы
2023 жылғы 4-8 қыркүйек аралығында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында Радиожиілік спектрін және жерсеріктік орбиталарды пайдалануды реттеу жөніндегі Байланыс саласындағы аймақтық достастық комиссиясының (БАД комиссиясы) 24-ші отырысы және оның жұмыс органдарының отырыстары өтті.
БАД комиссиясының негізгі мақсаты радиожиілік спектрін және жерсеріктік орбиталарды БАД қатысушы елдерінің барлық қолданушыларының мүддесі үшін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады.
Отырыс жұмысына Армения Республикасы, Әзербайжан Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы Байланыс әкімшіліктерінен, сондай-ақ Халықаралық электробайланыс одағынан (ХЭО), Интерспутник, 1-ші өңірдің Халықаралық радиоәуесқойлар одағынан (IARU-R1), БАӘ Мемлекеттік телекоммуникация және цифрлық технологияларды реттеуші органынан, CEPT, GSMA, Inmarsat, Huawei, Policy Impact Partners (PIP) және БАД Атқарушы комитетінен жалпы 149 өкіл қатысты.
БАД Байланыс әкімшіліктері үшін ХЭО-ның 2023 жылғы Радиобайланыс ассамблеясына (РА-23) және 2023 жылғы Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясына (ДРК-23) дайындық жұмыстары маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Оның мақсаты БАД Байланыс әкімшіліктерінің келісілген позицияларын әзірлеу және ілгерілету болып табылады.
Қазақстан Республикасының Байланыс әкімшілігіннің делегациясы құрамында «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өкілдері қатысты, олар БАД комиссиясының және оның жұмыс органдарының құрамына кіреді, сондай-ақ ағымдағы зерттеу циклінде ДРК-23 күн тәртібінің тармақтары бойынша БАД шеңберінде бірлескен зерттеулердің үйлестірушілері болып табылады. АР-23/ДРК-23-ке дайындық жұмыс тобының отырысының қорытындысы негізінде ДРК-23 күн тәртібінің барлық тармақтары бойынша БАД Байланыс әкімшіліктерінің жалпы ұстанымдары пысықталды.
БАД комиссиясының отырысында радиобайланыс және хабар таратудың өзекті мәселелері, сондай-ақ БАД комиссиясы жұмыс органдарының есептері қаралды.
БАД комиссиясы БАД-қа қатысушы елдердің жиіліктерін бөлудің жалпы кестесінің үзінділерін, БАД ұсынымдары мен есептерін, ДРК-23 күн тәртібінің тармақтары бойынша БАД Байланыс әкімшіліктерінің позициясын, АР-23 және ДРК-23 жұмысына арналған БАД жалпы ұсыныстарының жобаларын және жұмыс органдарының басқа да құжаттарын бекітті және жұмыста пайдалану үшін БАД Байланыс әкімшіліктеріне ұсынды.
БАД комиссиясы сондай-ақ ДРК-23 басқарушы органдарына және ХЭО радиобайланыс бюросының жұмыс органдарына келесі зерттеу цикліне Қазақстан Республикасы Байланыс әкімшілігінің кандидатураларын мақұлдады және бекітті.
БАД комиссиясының төрағасы Валерий Владимирович Бутенко және БАД Атқарушы комитетінің Бас директорының орынбасары Наталья Евгеньевна Зоря, сондай-ақ отырыстың барлық қатысушылары Комиссия отырысын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Ресей Федерациясының Байланыс әкімшілігіне алғыстарын білдірді.